Дәріс №3. Түйелердің биологиялық ерекшеліктері
1. Түйе ағзасының кейбір морфофизиологиялық ерекшеліктері
2. Жыныстық диморфизм құбылысы
3. Түйелердің пренетальды даму кезеңдері (Эмбриогенез)
Түйе өз бойына жоғарғы сүт және ет өнімділігі, жұмыс істеуге қабілеттілігі, шөл жағдайына бейімделушілік сияқты қасиеттерді жинақтай алған. Бұл, оның дене құрылымы мен биологиялық ерекшеліктері арқылы түсіндіріледі.
Түйенің жоғарғы жақ сүйегінде күрек тістері болады, аузындағы кілегейлі қабықшалары, әсіресе жоғарғы жақтағы еріндері мүйізделген бүршіктермен қапталған. Жоғарғы ерін бөлігі айырланған болып келеді және өте жақсы қозғалады. Мұрын қабықшаларының қатпарлы болуы іштен шығарылған ауадағы ылғалдың басым бөлігін тұтып қалуға және тыныс алу барысында ауадағы ылғалды сіңіруге де қабілетті. Сонымен бірге, құмды дауылдар болған кезде танаулар жабылады да шаң мен құмның өкпеге өтіп кетуіне мүмкіндік бермейді.
Түйенің асқазаны үш бөліктен, яғни месқарыннан (тазқарын), жұмыршақтан, ұлтабардан тұрады және оның сиымдылығы да едәуір (250 л) келеді. Асқазанның қабықшасы су мен тағамдық шырындарын жинақтап сақтауға жақсы бейімделген.
Қой мен ірі қара малдан түйенің айырмашылығы, оның асқазанында қатпаршақ қарын болмайды. Оның орнына түйе месқарынының томпайған тұстарында орналасқан екі жапырақшаларында ылғалдың қорын жинауға арналған ұяшықтары болады (басқа жануарларда томпайған жерлері болмайды). Месқарында орналасқан бұл ұяшықтар жұмыршақтағыдан көрі анығырақ байқалады. Түйенің асқазаны ең ірі, қатқыл азықтарды (тікенектер, қатты жапырақты өсімдіктер) қортуға бейімделген.
Олардың аяқтарының ұшы тұяқтармен емес тырнаққа ұқсаған кішкене тұяқшалары бар екі саусақты табанмен аяқталады. Көнтабандылардың аяқ саусақтарын тұяқ емес көнтабанды көпшіктер қорғап тұрады.
Түйенің алдыңғы аяқтарындағы саусақ көпшіктері бөлініп тұрмағандықтан, олар соңында біртұтас дөңгелектеу із қалдырады. Жерге басылғанда түйенің табаны жайылып ауданы үлкейе түседі. Бұл жануарлардың аяқтарының осындай құрылысы оған сусылдақ құмда да, борпылдақ қарда да көп қиналмай қозғалуына мүмкіндік бергенімен, алайда батпақ пен тайғақ жолдарда жүргенде біршама қиындықтар туғызады. Басқа тұяқты жануарлардан түйенің айырмашылығы, олар жайлаудағы отты (шөпті) тіпті таптамайды десек те болады, сондықтан жайлау отының өнімділігіне оң ықпал етеді.
Түйелердің өркештеріндегі май көлемі – су мен жем-шөп тапшылығы байқалатын кезеңдерде пайдаланылатын, жануардың күшімен қуатының сақтандыру қоры болып табылады. Өркештегі 1 г. май тотыққан кезде, өкпедегі буланулар арқылы 1.07 г су бөлінеді. Сонымен бірге, түйенің өркештеріндегі жиналған май тез пайдаланылып кетеді де, оны қалпына келтіру үшін оған 3-4 ай жайылымда бағылуы қажет. Бір суғаруда түйе 100 л. дейін су іше алады және олар асқазанның ұяшықты қалташаларында сақталынып тұрады.
Түйенің жүн жабындысы маңызды бейімдеушілік мәнге ие: денені қызып кетуден сақтайды, булануды төмендетеді, ылғалды сақтап қалады. Қырқылған түйе, өзінің терісінің сыртқы беті арқылы қырқылмаған түйеге қарағанда едәуір көп ылғал жоғалтады. Түйе, өзінің дене салмағының ширегіне тең келетін сұйықтық жоғалтқанның өзінде де тірі қалады (ал адам болса бұл көрсеткіштен екі есе аз сұйықтық жоғалтқанның өзінде де опат болады). Міне, жоғарыда келтірілген ерекшеліктерінің барлығы, түйенің шөл жағдайында тіршілік етуге жоғарғы бейімділік қабілетіне ие екенінің дәлелі болып табылады.
Түйе басқада жылы қанды жануарлар арасында кездеспейтін өте сирек қасиетке ие, яғни, ол өз денесінің қызуын едәуір аралықта өзгерте алуға қабілетті: түнде 34С0 -тан түсте- 42С0- қа дейін. Дене температурасының осылай ауытқуы оған ағзадан ылғалды жоғалтуын біршама азайтуға мүмкіндік береді, яғни, температура қаншалықты төмен болса, ылғал да сонша аз жұмсалынады. Түйеге баяу тыныстану тән. Бір минуттың ішінде ол небәрі 8-10 рет тыныс алып-шығарады, ал ірі қара малда бұл көрсеткіш 25-ке дейін жетеді. Бұл айырмашылықтың маңызы өте үлкен, себебі, әрбір дем шығарғанда ауамен бірге су тамшылары да бу күйіндегі қоса шығады. Түйе аузын көбінесе жауып тұрады, осы арқылы ол ылғалдың буланып сыртқа шығып кетуіне кедергі жасайды.
Түйенің сүттену кезеңі 18 айға созылатындықтан, 100 аналықтан алынатын төлдің мөлшері мен шаруашылықтағы түйе басын көбейтудегі жалпы іс-жоспарлар көрсеткіштері, үзеңгілес екі жылдық көрсеткіштер бойынша бағаланады.
Түйенің терісі ірі қара малдікіне қарағанда екі есе қалың. Оның ең қалың бөлігі түйенің өркештерін, сосын жонын, кейін кеуде ауқымы бөліктерін жабады. Өркеш аумағындағы тері өте серпімді келетіндіктен, олар майға толған кезде қатты созылуға, ал май қоры азайған кезде қатпарланбай жиырылуға қабілетті. Жалпы алғанда, түйенің терісі оның денесіне тығыз тартылып тұрады, сондықтан тіпті тізелерінің өзінде де қатпарлары болмайды.
Түйенің эпидермисі (терінің сырт қабықшасы) ірі қара малдікіне қарағанда екі есеге жуық қалың және ол 40-100 мкм аралығында болады.
Теріде жүн талшықтарының фоликулалары тобымен орналасада, май бездері 2-3 бөліктен тұрады және олар әсіресе өркештер аумағында терең орын тебеді. Тері бездері өте аз келеді және олардың көпшілігі шат аумағында орналасқан.
Дромедарлардың шүйде жотасының артындағы терісінде жүзім шоғы тәрізді пішіндегі бездер шоғыры орналасқан және ол қоңыр қошқыл түсті, жағымсыз иісті шырыш бөледі. Бұл бөліндінің мөлшері шағылыс науқаны кезінде молая түседі.
Түйе терісінің жеті жерінде жүнсіз, сүйелді (көнді) орындары бар. Дромедар түйелерінің көні қалыңырақ келеді және мұнда қалыңдығы 2 см-ге дейін жететін кеуде көні (төс табан) арқылы салмақ орталығы өтеді. Бұл көндер жануарларға 700С -қа дейін қызған топырақта да емін-еркін жата беруіне мүмкіндік береді.
Жыныстық диморфизм. Түйелерде жыныстық диморфизм жақсы көрініс тапқан. Аталықтар қуатты бұлшық етімен, кеудесінің тереңдігімен, мойын үстіндегі жалы мен сақалы, алдыңғы тізе үстіндегі (галифе) және санынының төменгі жағындағы (эполет) шудаларының жақсы дамығандығымен ерекшеленеді. Піштірілген (азбан) түйелердің дене пішініндегі айырмашылықтары аз ғана, себебі, піштірілгеннен кейін де түтікті сүйектердің өсуі жалғаса беретіндіктен, аяқтарының шамалы ұзындылығы байқалады.
Еркек түйенің аталық жұмыртқалары (енегі) артқы екі саны аралығында және бұқанікіне қарағанда едәуір тереңірек орналасқан. Аталық жұмытқалары басқа жануарлармен салыстырғанда онша үлкен емес және ұзына бойы теріс айналған. Түйенің қамшысы қалташаға жайғасқан, ал оның S-тәрізді ирегі аталық жұмыртқаларының алдында орналасады. Қамшының бос бөлігі жануардың бауырының астында кейін қарай майысқан түрде емізік тәрізді болып ажырап тұрады және шат бөлігінде орналасқан арнайы бұлшық еттер арқылы өзінің орналасу жағдайын өзгерте алады.
Ұрғашы түйелердің аналық жұмыртқалары онша үлкен емес, яғни шамамен жаңғақтай ғана және беті бұжырлы болады. Жұмыртқа түтігі ұзын және қатқыл. Жатыры екі мүйізді, ал көлемі бойынша бие немесе сиырдікінен де кішілеу келеді.
Дромедарлардың физиологиялық жағынан жыныстық жетілуі 12-15 айларына сай келгенімен, ал шаруашылықтық маңызы үшін жетілу мерзімі 3 жылдан кем емес (10 сурет). Бактриандар 15-18 айлық кезінде ақ жыныстық жағынан жетілгенімен, соған қарамастан шағылысқа тек төрт жасында ғана жіберіледі (11 сурет). Жыныстық сезімдері 2 жастан бастап ақ оянатын болғандықтан, осы кезден бастап аталықтар мен аналықтарды бөліп ұстайды. Аталықтар тұқым мал ретінде бестісінен бастап пайдаланылады.
Эмбриогенез. Түйелердің пренетальды дамуын шартты түрде 4 кезеңге бөлуге болады.
- Бірінші, яғни аналық жасуша немесе имплантация алдындық кезең – аналық жасушасының (яйцоклетканың) аталық ұрығымен (сперматозоидпен) қосылып ұрықтануынан басталып, жатыр қабырғасына бекуімен (имплантация) аяқталады. Түйе аналықтарында бұл кезең 20-25 күнге созылады. Осы уақыт ішінде ұрықталған аналық жасушасы бірнеше рет бөлініп, бластоцист сатысында жатырдың сол жақ мүйізіне (иіріміне) бекиді.
- Екінші, яғни дернәсілдік (зародышевый) кезеңде дамушы ағзаның жолдасы (плацента) қалыптасады және мүшелер мен ұлпалардың негіздері қалана бастайды. Ұрықтың дамуына қажетті қоректік заттар оған енесінің қаны арқылы жеткізіледі. Дернәсілдік кезеңнің ұзақтығы дромедарларда - 40, бактриандарда -50, ал түраралық будандарда 45-50 күнді құрайды.
- Үшінші кезең – төл (шарана) алдындық (предплодный) кезеңі. Дромедарларда бұл кезеңнің ұзақтығы - 40, бактриандарда - 45, түраралық будандарда – 40-46 күнді құрайды.
- Төртінші – төл (плодный) кезеңі түйенің боталауымен аяқталады. Төл кезеңінде мүшелер мен ұлпалардың элементтері дифференцияланады және олар жұмыс істей бастайды. Эмбрион тез өсіп-дамиды. Бұл кезеңнің ұзақтығы бактриандарда -315, дромедарларда -305, ал түраралық буындарда -300-312 күнге созылады.
Түйенің күйіс қайыратын басқа жануарлардан бір айырмашылығы –үстіңгі жақ сүйегіндегі екі күрек тісі болады, өт қабы жоқ. Жыныстық жағынан 2-3 жылда жетіледі, алайда інгенді қайытуға 3-4 жасында қосады. Бураны келеге 5-6 жасында түсіреді. Қайылған қос өркешті түйенің інгені он төрт айда боталайтын болса, нардың маясы он үш айда боталайды.
Әдебиеттер
1. AWF Edwards. ·Genetics. 2008 Jul;179(3):1143-50. doi: 10.1534/genetics.
2. Айала Ф. Введение в популяционную и эволюционную генетику. – Москва: Мир, 1984. -230с.
3. Баймуканов Д.А. Эволюция и систематическое положение верблюдов //Верблюдоводство Казахстана XXI века. – Алматы
4. Баймуканов А., Дошанов Д., Алиханов О. Продолжительность плодоношения помесных и гибридных верблюдоматок// Материалы международной научно – практической конференции «Продовольственная безопасность и устойчивость развития АПК». – Чебоксары: ФГБОУ ВПО ЧГСХА, 2015. –С.241-244.
5. Аубакиров Х.Ә., Тлепов А.Ә., Кенжеходжаев М.Д. Популяциялар және сапалық белгілер генетикасы. Оқу құралы. ӘОЖ 579 (075) х; КБЖ28.70я7. А 93. ISBN 978-601-329-303-5. Алматы, «Эферо» баспасы, 2022., – 310 бет
6. Баймуканов Д.А., Юлдашбаев Ю.А., Дошанов Д.А. Верблюдоводство (Бакалавриат): (ISBN 978-5-906818-14-0). Учебное пособие - Москва: Издательство КУРС, НИЦ ИНФРА-Москва, 2016. - 184 с.
7. Баймұқанов Д.А., Исхан К., Жунісов А.Т. Түйе шаруашылығы өнімдерің өндіру технологиясы // Окұ қуралы (ISBN 978-601-241-084-6). – Алматы: «Айтұмар» баспасы, 2021. 164 б.
8. Баймуканов А., Баймуканов Д.А. Руководство по селекции верблюдов породы казахский бактриан с основами племенной работы. - Алматы: Ғибрат, 2011. - 87с.
9. Баймуканов Д.А., Баймуканов А. Основы племенной работы в верблюдоводстве. - Алматы: Ғибрат, 2012. - 171 с.
10. Баймуканов Д.А., Баймуканов А. Племенная работа в верблюдоводстве. - Алматы: Ғибрат, 2012. - 241 с.
11. Баймуканов А., Баймуканов Д.А. Селекция и бонитировка чистопородных верблюдов. - Алматы: Гибрат, 2012. -75с.
12. Баймуканов А., Баймуканов Д.А., Семенов В.Г. Межвидовая гибридизация верблюдов. // Монография (ISBN978-5-904025-31-1). Подписано в печать 04.07.2019. Рекомендовано к изданию научно-техническим советом ФГБОУ ВО Чувашская ГСХА. – Чебоксары: ООО «Крон-2», 2019.-195с.
13. Баймуканов А., Баймуканов Д.А., Амерханов Х.А., Юлдашбаев Ю.А., Гаряев Е.Б., Гаряева Х.Б. Селекция верблюдов: теория и практика // Монография (ISBN 978-5-9675-1836-2). – Москва: РГАУ-МСХА имени К.А. Тимирязева.221. -333 с.
Комментарии (0)