Опубликовано 26.03.2023 04:15

Дәріс №4. Түйелерде жиі кездесетін инфекциялық аурулар

1. Туберкулезды емдеу және алдын алу шаралары

2. Бруцеллезды емдеу және алдын алу шаралары

3. Аусыл ауруын емдеу және алдын алу шаралары

4. Сібір жарасы ауруын емдеу және алдын алу шаралары

5. Колибактериозды емдеу және алдын алу шаралары

Туберкулезды емдеу және алдын алу шаралары. Туберкулез (Tuberculosis) – ұзақ уақыт созылатын жұқпалы ауру, ағзаның әр түрлі мүшелерінде, сүзбе сияқты ыдырауға бейім, өзіне тән түйін – туберкулдардың пайда болуымен сипатталады.

Туберкулездің қоздырушысы Mycobacterium tuberculosis туыстастарына жататын бактериялар болып табылады. Бұл микробактериялар сыртқы ортаның әр түрлі факторларына және химиялық заттардың әсеріне өте тезімді келеді. Бұл ерекшелігі, микроб жасушасындағы балауызды май заттарының болуымен түсіндіріледі. Түйелерде туберкулез ауруы өте сирек кездеседі.

Эпизоотологиясы. Бұл жұқпалы ауруы қоздырушы бактериялардың негізгі көзі – осы аурумен ауыратын түйелер. Олардың ағзасынан қоздырғыштар – сүт, нәжістер, мұрыннан ағатын сұйықтықтар, кей кездері ұрық арқылы да шығады. Жануарлар туберкулезбен ауратын адаммен жанасқанда да, туберкулездің осы түрін жұқтырып алуы мүмкін. Туберкулез көбінесе алиментарлық жолмен жұғады.

Күтіп-бағылу жағдайлары нашар болып, қыстан әлсіреп шыққан, азықтандыру рационы толыққұнды болмаған түйелер арасында туберкулез тез таралады.

Клиникасы. Түйелердің туберкулезі әдетте созылмалы болып өтеді, көп жағдайларда оның белгілері нақты байқала бермейді. Ауырған жануарлардың өркештері бүйірлеріне қарай қисайып салбырайды, қарны (іші) тартылады, сыртқы лимфа түйіндері үлкейеді, жалпы әлсіздік және мазасыздық пайда болады.

Диагнозы. Туберкулез диагнозы – эпизоотологиялық мәліметтерді, клиникалық белгілерді талдау, сонымен бірге аллергиялық (туберкулин), серологиялық (туберкулез антигені бар РСК), патологиялық, гистологиялық, бактериологиялық және биологиялық зерттеулердің негізінде қойылады.

Түйелерде бұл диагнозды, көздің ішіндегі кілегейлы қабықша аумағына туберкулинді, әрбір 45-60 күн аралығында қайталап егу арқылы, екі рет теріс нәтиже алынғанша (аллергиялық әдіс) анықтайды.

Емдеу. Туберкулезбен ауырған түйелерді емдемейді, сойуға жібереді.

Туберкулездің алдын алу және онымен күресу шаралары. Жақсы, толыққұнды азықтандыру; қатты суық, жауын-шашынды күндері паналайтын құрғақ, кең, жылы және ауасы тазаланып (желдетіліп) тұратын қораларда ұсталуы тиіс.

Түйені ұзақ уақыт бойы қардың үстіне жатқызуға болмайды, барлық уақытта жататын жеріне құрғақ төсеніш төсеп отыру керек. Олай болмаған жағдайда – жануарларға суық тиіп ауыруы мүмкін, ал әлсіреген ағза туберкулезге шалдыққыш келеді. Үстері су, қар басқан жануарларды сабаннан (құрғақ мата және де басқа да) жасалған сыпыртқы не болмаса сүрткіштер арқылы сүртіп құрғатады, үстіне жабысқан қар-мұздардан және лай-батпақтардан тазалап барып қораға қамайды.

Осы ауру таралмаған шаруашылықтарда, оның алдын алу мақсатында түйелерге туберкулезге қарсы жылына екі рет: маусым-шілде және қазан-қараша айларында екпе жасалуы қажет. Ауру түйелер анықталған жағдайларда, олар ұсталған қоралар құрамына хлор қосылған сұйық әк немесе бейтарап кальций гиперхлориді ерітіндісімен, не болмаса, құрмындағы белсенді хлордың мөлшері 5% кем болмаған гипохлорид ерітіндісімен зарарсыздандырылып, қоражай алты сағатқа босатылып қойылады; глутар альдегидінің судағы 1% ерітіндісімен зарарсыздандырылғанда қора 4 сағатқа босатылады. Ауру жануардың қилары және топырақтың беткі қабаттарына да міндетті түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Туберкулезбен ауырған түйелер жайылған жайылымдарға жаз мезгілінде 2-3 ай өткеннен кейін мал жаюға рұқсат етіледі.

Бруцеллезды емдеу және алдын алу шаралары. Бруцеллез (сарып, brucellosis) – ұзаққа созылатын жұқпалы инфекциялық ауру. Бруцеллез буаз аналықтардың іш тастауы, шуларының кідіруі, эндометрит және жануарлардың көбею қабілеттіліктерінің нашарлауы арқылы көрініс табады.

Эпизоотологиясы. Brucella тобындағы бактериялар 6 түрден тұрады. Түйелер мен ірі қара малдрында бруцеллез ауруы Br. abortus қоздырғыштары тарапынан орын алады. Бұл қоздырғыштың көзі – осы аурумен ауыратын жануарлар. Әсіресе, жануарлардың клиникалық белігілері қатты байқалған кезде ауру аса қауіпті болып саналады.

Клиникасы. Аурудың дамуы жануардың физиологиялық жағдайына, жалпы иммунореактивтілігіне, жұқтырған кездегі қоздырғыштың вируленттілігі мен санына және де жануарлардың ұсталу жағдайына байланысты болады. Ауру түйелердегі клиникалық белгісі айқын көрініс бермейді.

Диагноз. Ауруды анықтау эпизоотологиялық, клиникалық, аллергиялық реакциялар қою және зертханалық жағдайда сынамалар қою нәтижелері бойынша жасалады.

Емдеу. Түйелердегі бұл ауруды емдеу әдісі жасап шығарылмаған, сондықтан бұл ауруға шалдыққан жануарлар сойуға жіберіледі.

Бруцеллездің алдын алу және онымен күресу шаралары. Түйе өсіретін шаруашылықтарда, жылына 2 рет серологиялық әдісті қолдана отырып, жануарларға жаппай тексеру жүргізіледі. РА-ға, не болмаса РЕК-га реакция берген жануарлар оқшауланады және олар 6-ай бойына назарға алынады. Қайтара, серологиялық әдісті қолдана отырып зерттеу жүргізу 15-30 күннен кейін, ал аллергиялық әдісімен – 25-40 күннен кейін өткізіледі. Диагнозы нақтыланған барлық жануарларды союға тапсырады. Ауру мал ұсталған қораларды механикалық жолмен тазалағаннан кейін, сабын-карбол қоспасының 20% ерітіндісімен, күкірт-карбол қоспасының 3% ерітіндісі, не болмаса, құрмындағы белсенді хлорының мөлшері 2-5% кем болмаған сүйылтылған әк ерітіндісімен зарарсыздандырылады.

Аурудан сау табындардың жануарларына өз уақытында екпе жасалынады. Төлдерге екпені 5-8 айлығында жасайды.

Бруцеллезға қарсы екпе ретінде Br. abortus 82 штаммын пайдалану ұсынылады. Екпе зиянсыз, агглюгиногендік қасиеттері де шамалы; осы екпе арқылы, бруцеллез ауруының қаупі бар фермалардағы түйелерге иммунизация жасалынады. Егер, мұндай түйелер егілмен жануармен жанасқан болса, онда екпе қайталап жүргізіледі. Ауру түйелермен егілген жануарлар бірге болатын жағдайларда, оларға қайталап ревакцинация жүргізіледі. Вакцинация жасалғаннан кейін 18-24 сағат аралығында жануарлар тексеріледі. Егерде, РЕК реакциясының РА титрі 1:200 және оданда жоғары көрсеткішінде оң реакция берсе, жануарды дереу оқшаулайды. Егер нәтиже теріс көрсеткішке ие болса, екпе жасалған табын сауықтырылған деп саналады.

Аусыл ауруын емдеу және алдын алу шаралары. Аусыл (ящур, Alphae epizooticae) – жоғары жұққыштық қабілетке ие, жіті өтетін, түйелердің вирустық ауруы. Бұл аурумен ауырған түйелердің денелері қалтырайды, аяқтарында, желін терілерінде және ауыз қуысының шырышты қабықшаларында күлдіреген жара пайда болады.

Эпизоотологиясы. Түйелер аусылмен көбінесе күннің қатты ысып, осындай кезең ұзаққа созылған мезгілдерде ауырады. Себебі, құрғап кебуі нәтижесінде қатты күйге өткен малазықтары ауыз қуысының шырышты қабықшаларын тез жаралап, аусыл вирусының ағазаға енуін жеңілдетеді.

Клиникасы. Аусылмен ауырған түйелердің дене температурасы 40ºС -дейін көтеріледі және сонымен қатар, қан тамырларының соғу жилілігі де арта түседі. Ауыз қуысының шырышты қабықшасы қызарып, жануар оны ауырсына бастайды. Қызылиектер, тілдің шеттері, еріндердің ішкі беттерінде көлемі үлкен бұршақтай көпіршіктер пайда болады. Әдепкіде мөлдір, сарғыштау болып келетін көпіршіктердің ішіндегі сұйықтық кейіннен лайлана бастайды да, көп ұзамай жарылады. Жарылған көпіршіктердің орнында эпители қабатынан айырылған, өте қатты ауыратын қызыл түсті жаралар (эррозиялар) қалады. Бірнеше күн өткесін эпителилер бұрынғы қалпына келеді де жануарлар қайтадан азықпен қоректене бастайды. Ауыз қуысының шырышты қабықшаларындағы болған үдерістер, мұрын қуысына да өтеді және мұрыннан шырышты сұйықтықтар аға бастайды. Ауру түйелердің асқа деген тәбеті төмендейді, суға деген мұқтаждығы артады, алайда, суды ішкенде едәуір қиналады. Одан басқа, жануардың кеудесінің төменгі үштен бір бөлігінде және оның бауыр беттерінде, үлкендігі бұршақтан ірі, яғни жаңғақ көлеміне дейінгі жаралар пайда болады.

Диагноз. Ауырған түйелерге аусыл диагнозын – эпизоотологиялық мәліметтерді саралау, клиникалық белгілерінің көріністері және зертханалық сараптамалар нәтижесі бойынша қояды.

Емдеу. Емдеу жұмыстары аусылға қарсы арнайы иммунолактонды пайдалану арқылы жүргізіледі. Ауыз қуысын майлайтын және антисептикалық дәрі-дәрмектермен емдейді. Ауыз қуысындағы зақымданған жерлерін креолин, марганц қышкылды калии, мыс купоросының жылытылған ертінділерімен жуады және линименттер жағады. Жараланған аяқтарды жуып майлағаннан кейін, жақсылап байлайды және мүмкіндігінше оның сыртынан жануардың аяқтарына былғары немене брезенттен жасалынған кебістер кигізген ләзім. Ауруы қалыпты жағдайда өтетін болса, эрозиялар мен жаралар 10-15 күннің ішінде жазылып кетеді.

Аурудың алдын-алу және күресу шаралары. Аусылға қарсы күрес жүргізу кезінде қауіпті аурулармен күресудегі ветеринарлық-санитарлық шаралар: жануарларды және шаруашылықтарды оқшаулау, уақытша тыйым салу (карантин) шаралары жүргізіледі. Аусыл ауруының қатері бар аймақтардың үстінен түйелерді айдап өтуге тыйып салынады.

Сібір жарасы ауруын емдеу және алдын алу шаралары. Сібір жарасы (Ақшелек, Қарабез, Anthrax) – септицемияның, ауыр улану белгілерінің және шиқанның пайда болуымен сипатталатын, өте ауыр өтетін жұқпалы ауру. Бұл ауруды тудыратын Baccillus anthrasis қоздырғышын түйелер тез қабылдайды. Бұл бацилланың споралары өте төзімді келеді. Шіріген өлекседе олар өлмейді, суда – жылдар бойы, топырақта – ондаған жылдар бойына сақталады. 120-140ºC құрғақ ауада бұл қоздырғыш тек қана 2-3 сағаттан кейін, 120ºC температурада автоклавта қыздыруда – 5-10 минуттан кейін, қайнату арқылы – 15-30 минутта, 10% құрғақ натрийдің ерітіндісі мен 1% формальдегидтің ертінділері арқылы 2 сағат бойына әсер еткеннен кейін барып зарарсыздандырылады. Құрамында хлоры бар дәрмектер тиімдірек болып саналады.

Эпизоотологиясы. Ақшелекті жұқтырушылар осы аурумен ауыратын жануарлар және осы кеселден опат болған жануарлардың өлекселері. Бациллалардың өте көп болатындығы себепті, бұндай өлекселерді жаруға және ауру жануарларды союға тиым салынады.

Ақшелектің негізгі жұғу жолы – алиментарлық (азық арқылы). Бұл аурудың қоздырғышы жануар ағзасына осы ауру қоздырғыштары тараған алқаптарда жануарлардың жайылуы барысында азықпен, не болмаса су арқылы түседі. Қансорғыш жәндіктер (сона, маса) көп болған жағдайда, трансмиссиялық жолмен да жұғуы мүмкін.

Клиникасы. Инкубациялық кезеңі 1-3 күн аралығына созылады. Аурудың алғашқы белгілері – жануардың дене температурасының +40ºС-дейін және одан да жоғары көтерілуінен басталады. Одан кейін жануарлардың күйіс қайыруы тоқтайды, тыныс алуы жылдамдап, біртіндеп қиындай түседі, аяқтарында діріл пайда болады. Аурудың тез дамитын формасында жануар 1-2 күнде – ақ опат болады ал шиқанды формасында – 5-7 күнге созылады. Аурудың бұлшық еттік түрінде, ауру мал қатты бұратылып, тік ішектен қан аралас сұйықтықтар ағады, ал шиқанды түрінде – қолтық астында, енек қабы аумақтарында, іштің төменгі жағында ісік пайда болады. Өлген жануардың өлексесі ісінген, қаны қоңыр түсті және ұйымайды.

Диагнозы. Жануарлардың тірі кезінде ақшелек ауруын анықтау, оларда көрініс беретін клиникалық мәліметтері (жоғары температурасы, ісіктердің болуы, нәсіпке қан араласа шығуы және т.с.с) негізінде қойылады, ал онан кейін алғашқы диагнозы микроскопиялық, бактериологиялық және биологиялық зерттеулер нәтижесінде нақтыланады.

Емдеу. Ауру жануар анықталып, бөлек жерге оқшауландырылғаннан кейін, оны дереу емдеуге кіріседі. Ақшелекке қарсы гипериммундық сарысуды не болмаса емдік мөлшерде ақшелектік гаммаглобулинді қолданады. Бұл биодәрмектер (биопрепараттар) тері астына егіледі (бір жерге 25-30 мл-ден), ал жануардың жағдайы ауыр болған жағдайларда – дәріні тамыр ішіне тікелей енгізеді. Дәрілерді егу алдында бұл сарысуларды су моншасында 37-38ºС дейін жылытады. Анафилаксиялық шоктың алдын алу мақсатында, ағза үшін бөгде сарысудың алдымен 0,5-1 мл мөлшерін тері астына егеді, сосын, 15-30 минут өткеннен кейін қалған мөлшерін енгізеді. Егер, 6 сағаттан кейін жануардың температурасы төмендемесе, сарысуды қайталап салады. Гамма-глобулиннің емдік қасиеті сарысуға қарағанда едәуір жоғары. Сарысуды бұлшық ет ішіне енгізілетін антибиотиктермен (тетрациклин, ересек жануарлар үшін 2 млн бірліктен, төлдер үшін 200 мын бірлік) қоса пайдаланады. Антиботиктермен емдеу ұзақтығы 3-4 күн.

Аурудың алдын алу және онымен күресу шаралары. Ақшелектің алдын алудың басты бағыты – ауруға бейім жануарларға екпе (вакцинация) жасау, ару қоздырғыштармен зарарланған «топырақ ошақтарын» есепке алу және жою. Түйелерге екпені олардың иммунореактивтілігі әбден қалпына келген, яғни, жайылымдағы семіріп толысқан кезінде жасайды.

Ақшелектен опат болған жануарлардың өлекселерін өртейді. Ауру жануарлар тұрған, немесе өлекселер жатқан жерлерді топырақтың жоғарғы қабатын 20 см тереңдікке дейін міндетті түрде қырнап алып, мұқият зарарсыздандырады (дезинфекциялайды) және ол үшін натридің 10% ерітіндісі, формольдегидтің 4% ерітіндісі, не болмаса құрамында хлоры бар заттар пайдаланылады. Ауру жануарлардың тезектеріде өртелінеді.

Колибактериозды емдеу және алдын алу шаралары. Колибактериоз (Colibacteriosis, колиинфекция, эшерихиоз) – боталарда кездесетін және жануардың тышқақтауымен, ағзаның қатты улануы мен сусыздануы белгілерімен көрініс табатын, өте қатты (жіті) өтетін ауру.

Қоздырғыш – Escherichia coli ішек таяқшасының патогендік түрі. Нәжісте және шырыштарда эшерихия (E.coli) 30 күндей, су мен топырақта – бірнеше ай бойы сақталады. +74-76ºС дейін қыздырғанда олар 30 секунд ішінде қырылып қалады. Әдетте, хлорланған әк, хлорамин, натрии қышқылы, формальдегид, каброн қышқылы, ксилонафтың ерітінділерді бұл микробты жоя алады.

Эпизоотологиясы. Боталар туылғаннан кейін – 2-5 күн аралығында ауыра бастайды. Бұл ауру қоздырушысының жұқтырушы көзі – осы аурумен ауырып жүрген не болмаса бұрын ауырған боталар, ағзасында осы микробтың патогендік түрін тасымалдаушы аналық түйелер де болуы мүмкін. Жаңа туылғаң боталардың бұл ауруға шалдығуы, боталау кезеңінде гигиена ережелерінің сақталмауы жағдайларында жүзеге асады. Сондай-ақ, патогенді микроағзалармен зарарланған уызды, азықты және суда пайдалану барысында да жұғуы мүмкін. Жануарларға ауру негізінен алиментарлық жолмен жұғады.

Клиникасы. Боталардағы аурудың инкубациялық кезеңі – бірнеше сағаттан 2-3 күнге дейін созылады. Колибактериоздың патогендігі негізінде E. coli қоздырушысы серотипінің уыттылығының әр түрлі болуы, сонымен бірге, жаңа туылған боталардың иммунореактивтілігінің дәрежесі үлкен маңызға ие. Боталардың инфекциялануы дене температурасының +40º С-дейін көтерілуімен және олардың қатты тышқақтауымен көрініс береді.

Ауру боталар салмағын тез жоғалтады, емуден қалады және көбінесе өліп қалады.

Дигноз. Эпзоотологиялық, клиникалық, патологиялық мәліметтер негізінде және патолого-анатомиялық материалдарға биологиялық зерттеулер жүргізу нәтижесінде диагнозы қойылады.

Емдеу. Боталарды оқшаулайды және азықтанудың емдік-диеталық тәртібіне көшіреді. Бірінші күні боталарды уызбен азықтандырмайды, оның орнына жылы физиологиялық ерітінді (физраствор) беріледі. Осындай ашықтыру 8-12 сағатқа созылады, яғни бастапқы 1-2 емізудің орнын басады. Бұдан кейін уыздың (сүттің) күндік мөлшерін 50% кемітеді және тәулігіне 3-4 рет физиологиялық ерітіндімен араластырып отырады.

Емдеуді, асқорытуды қалпына келтіретін, ағзаның сусыздануына, уыттануына жол бермейтін, және ағзаның иммунологиялық реактивтілігін ынталандыратын этиотропты дәрі-дәрмектерді пайдалана отырып, кешенді түрде жүргізеді. Мұнда келесідей дәрі-дәрмектерді пайдалану ұсынылады: левомицин – бірінші жолы ботаның тірілей салмағының 1 кг 20 мг есебінен, одан кейін әрбір 8-12 сағатта 15 мг-нан; биомицин және тетрациклин – тірілей салмақтың 1 кг-на 20 мг есебінен күніне 2-3 рет беріледі. Жоғарыда көрсетілген антибиотиктерді азыққа, не уызға қосып береді. Сульфаниламидті дәрілермен қатар нитрофурандық (фуразалидон, фуразидин) дәрі-дәрмектерді де пайдалануға болады. Токсикозды (улануды) болдырмау үшін, бұлшык еттеріне, не болмаса тері астына глюкоза – тұзды ерітінділер енгізіледі.

Іші қатты қабынған жағдайда келесідей ерітінді дайындалады: су 1000 мл, хлорлы натрий - 3,5 г қос көмір қышқылды натрий - 13 г, хлорлы кальций – 0,3 г, хлорлы калий – 0,5 г, ұнтақталған глюкоза – 50 г, натрийдің кофеин-бензонаты – 0,2 г, пеницилин – 500 мың бірлік. Боталарға бұл ерітінді күніне 1 рет, 500-1000 мл тері астына енгізіледі.

Құрамы көп дәруменді болып келетін, уыттанудың алдын-алатын және колибактериозға қарсы пайдаланатын емдік сарысуды тәулігіне 30-80 мл, ал аурудың алдын-алу мақсатында 15-30 мл бұлшық етке егіледі.

Аурудың алдын-алу және онымен күресу. Колибактериоздың алдын-алу шаралары – түйелердің боталауы кезінде гигиеналық талаптарды сақтау, боталарды дер кезінде және дұрыс азықтандыру, буаз аналықтарды, жана туылған боталарды күтіп-бағуды қамтамасыз етуге негізделген.

Осы індеттің қауіпі бар шаруашылықтарда буаз түйелерге коливакцинамен екпе жүргізіледі. Жаңа туылған боталарға туылғанына 30-40 минуттан кейін не болмаса уыздың алғашқы бөлігімен бірге колибактериозға қарсы 70-100 мл гипериммунды моно және поливалентті сарысу және 10 мл колипротектан беріледі (2 тәулік ішінде ботаға ең кемінде 50 мл колипротектан берілуі керек).

Әдебиеттер

1. Найманов А.Х., Калмыков В.М., Калмыков М.С. Особенности диагностики туберкулеза верблюдовых. Ветеринария, зоотехния и биотехнолгия., Журнал: Московская Государственная академия ветеринарной медицины и биотехнологии., №6, 2017 г, -С.54-58

2. Баймуканов Д., Баймуканов А., Алиханов О. Основы селекции и профилактики болезней верблюдов.. – Шымкент: Әлем, 2014. - 113 с.

3. J.M. Bksco. Existing and future vaccines against brucellosis in small ruminants. Small Ruminant Research, Volume 62, Issues 1-2, 2006., Pages 33-37.

4. Абдрахманов С.К, Муханбеткалиев Е.Е., Кушубаев Д.Б. К оценке риска возникновения ящура на территории Республики Казахстан // Сейфуллинские чтения – 9: новый вектор развития высшего образования и науки: матер. республ. науч.-теорет. конф. посв. дню Первого Президента Республики Казахстан. – 2013. – Т. 1, ч. 2 – С. 172-174.

5. Лухнова Л.Ю., Избанова У.И., Мека-Меченко Т.В. Сибирская язва на территории Республики Казахстан 1999-2020 годах. Эпидемиологическая ситуация. Национальные приоритеты России, 2021, №3 (42)., -С. 192-195.

6. Белкин Б.Л., Прудникова В.С. Патологоанатомическая диагностика болезней животных (с основами вскрытия и судебно-ветеринарной экспертизы. Орловскии Государственный униаерситет. Учебное пособие. Г. Орел., 2012 г., 388 с.

7. Баймуканов Д А., Баймуканов А., Алиханов О. Основы селекции и профилактики болезней верблюдов.. – Шымкент: Әлем, 2014. - 113 с.

8. Баймуканов Д.А., Юлдашбаев Ю.А., Дошанов Д.А. Верблюдоводство (Бакалавриат): (ISBN 978-5-906818-14-0). Учебное пособие - Москва: Издательство КУРС, НИЦ ИНФРА-Москва, 2016. - 184 с.

Лекции подготовили:
Баймуканов Дастанбек Асылбекович
Главный научный сотрудник отдела животноводства, ветеринарии, анализа кормов и молока Товарищество с ограниченной ответственностью «Научно-производственный центр животноводства и ветеринарии», 010000 (Z10P6B8), Республика Казахстан. г. Астана, ул. Кенесары, 40, офис 1505

Аубакиров Хамит Аблгазинович
Профессор кафедры Биотехнологии Таразского регионального университета имени М.Х. Дулати, г. Тараз, Республика Казахстан

Комментарии (0)