Опубликовано 05.04.2023 03:57

Дәріс 5. Түйелерде жиі кездесетін инвазиялық аурулар

1.     Трипаносомозды емдеу және алдын алу шаралары

2.     Қотырды емдеу және алдын алу шаралары

3.     Теміреткіні емдеу және алдын алу шаралары

Трипаносомозды емдеу және алдын алу шаралары. Трипаносомозды (Trypanosоma ninaе kohl-yakimovi) қазақта су ауруы деп те атайды. Ауруды жұқтырудың көзі – ауру жануарлар және паразитін (трипанасома туысына жататын қарапайым шыбыртқылар, яғни жгутики) тасушылар (ағзасында осы аурудың қоздырушысы бар жануарлар) болып табылады. Түйелерде, әсіресе төлдерде, бұл ауру жылдар бойы сақталуы мүмкін. Ауру жануардан індет дені сау жануарға қансорғыш жәндіктер  (негізінен соналар, маса, шыбын-шіркейлер, және өте ұсақ қара шыбындар) арқылы таралады. Әсіресе су тасыған жылдары, сулы, сазды, дымқыл жайылымды жерлерде жайылатын түйелерде осы аурумен ауруға жағдай туылады. Су ауруына түйелердің барлығы да  шалдыққыш келеді, дегенмен боталар бұл ауруды жеңіл өткізеді.

Клиникасы. Аурудың алғашқы күндерінде түйелердің дене қызуы көтеріледі, асқа тәбеті және күйісі болмайды, лимфатикалық түйіндер (бездері) ұлғаяды. Кейінірек жануарлардың көзінен жас, мұрнынан маңқаның ағуы көрініс береді, жалпы жануардың мазасы болмайды, әлсіздік туындайды, арықтауға ден береді, шырышты қабақшалардың бозаруы, қызыл қан түйіршіктерінің азаюы (анемия), жүнінің ұйысуы, аяқтарының дірілдеуі және тыныс алуының  тарылуы байқалады. Ересек түйелердегі өлім-жітім 40-тан 70%-ға дейін жетеді. Аурудың созылмалы түрінде жануарлардың арықтау нәтижесі өлімге алып келеді.

Диагнозы. Түйелерде қоздырушыны анықтау – формалиндік сынама алу негізінде жүргізіледі. Су ауруына күдікті жануарлардың мойын көк тамырынан қан алынып, шыны түтікке құйылып бір-екі күн тұндырылады; пайда болған сарысудан 1 мл алып басқа түтікке құяды және оның үстіне 2 тамшы формалин (40%-дық) тамызылады. Сосын, формалин тамызылған сарысуды біраз шайқап, 1-2 күн тұндырады. Кесел жұққан жануарлардың сарысуы – қойыртпақтанады (ұюы көрініс береді), ал дені сау жануардың сарысуы – өзгеріссіз қалады.

Емдеу. Түйелерді наганинмен (түйелерге арналып шығырылған сериясы) емдейді. Наганин, түйелердің ағзасындағы трипанозомды, әсіресе ауру жаңа басталған кезде толығымен жояды. Наганиді 20%-дық физиологиялық ерітіндіге ерітіп, жануарлардың тірілей салмағының 1 кг-на 0,04-0,07 г есебінен тек қана көк тамырға салады. Араға бір апта салып екінші рет қайталай егуге болады.

Бұрын емделген түйелерде аурудың қайталанғаны байқалған жағдайда, нагонинді тірілей салмағының 1кг-на 0,09 г есебінен енгізеді.

Фурацелинді (сары ұнтақ) екі күн қатарынан, Peros суға ерітілген суспензия түрінде тірілей салмағының 1 кг-на 0,1-0,2 г есебінен пайдалану ұсынылады.

Антрацидті (пиральдин) емдеу және аурудың алуын алу мақсатында, тірілей салмағының 1 кг-на 0,01 г есебінен (дистилденген судағы суспензия түрінде) тері астына бүркеді.

Дені сау түйелерге аурудың алдын алу мақсатында наганинді тірілей салмақтың әр 1 кг-на 0,035 г есебінен салады.

Наганинді қан тамырының ішіне енгізу, түйелердің мойнының 1/3 ұзындығындағы орта күре тамырға жүргізіледі. Наганинді қан тамыр ішіне енгізу, жануарларға індеттің жұғуынан 45-күн бойы қорғайды, сондықтан да осы мерзім өткеннен кейін дәріні қайта егу жүргізіледі. Осы жұмыстардың атқарылуы кездерінде ауру және күдікті жануарларды оқшаулайды және емдеу жұмыстары жүргізіледі.

Алдын алу шаралары. Алдын алу шараларына  келесідей жұмыстар кіреді: бұрындары аталған аурулар тіркелген аймақтардың эпизоотологиялық жағдайларын зерттеу; белгілі әдістерді қолдана отырып, ауруға төзімсіз жануарларды біртіндеп тексеріп шығу; аурудың алдын алу және емдеу; алынған нәтижелердің тиімділігін есепке алу және оларды нығайту.

Алдын алу шараларын жоспарлы түрде үш жыл бойына жүргізу керек: бірінші жылы – дайындық шаралары; екінші жылы – шаруашылықты сауықтыру;  үшінші жылы – тиімділікті есептеу, алынған нәтижелерді нығайту және ауруды түгелдей жою.

Қотырды емдеу және алдын алу шаралары. Қотыр (Қышыма, Саркоптоз, Sarcoptises) – түйе шаруашылығы ветеринариясындағы трипаносомоздан кейінгі екінші қыйын мәселелердің бірі болып болып табылады. Түйелердегі қотырды Sarcoptises scabiei var. cameli паразит кенелері қоздыратын инвазиялық ауру.

Қазақстанның Оңтүстік-Батыс аймақтарында қотыр жылдың қыс – көктем мезгілдерінде ең жоғарғы белсенділігін танытады. Жаз мезгілінде ауа-райы ыссы болғандықтан, кенелердің белсенділігі төмендейді. 3-жасқа дейінгі және 12-жастан асқан түйелер бұл ауруға шалдыққыш келеді. Бұл, ағзаның шыдамдылығының төмендігімен байланысты болуы мүмкін (1 сурет)

Эпизоотологиясы. Бұл ауру бір түйеден екінші түйеге тікелей жанасу кезінде, не болмаса жалпы пайдаланылатын заттар (жіптер, қоршау және т.с.с) арқылы да жұғады.

Sarcoptes scabiei var. cameli қоздырғышы – өте майда домалақ пішінді паразиттік кене түрі болып табылады. Кененің аналығы терінің ішінде қазылған қуыстарда 30-дан 60-қа дейін жұмырқа салады. Дернәсіл (личинка) және нимфа сатыларынан өткеннен кейінгі 7 күні, жұмыртқалардан кене дамып шығады. Дернәсіл мен лимфалар тері ішінде дамиды және терінің терең қабатына да өте алады. Кейін олар сыртқа өз күштерімен не болмаса қатты қышынған кезде жануарлар терісінің сыдырылуы нәтижесінде шығады. Sarcoptes scabiei var. cameli паразитімен дамуының барлық сатыларында басқа жануарлар зарарлана алады.

Клиникасы. Терінің әдепкі зақымданулары дененің іш (қарын) бөлігінде, құйрықтың түбінде, табандарының және төс табанының айналасында пайда болады. Сонан кейін, ауру дененің бауыр бөліктеріне, бетіне және еріндеріне тарқалады. Терінің зақымданған бөліктері қыши бастайды, түйенің түкті жабыны үрпиіп тұрады. Түйелер бір-біріне, не болмаса қатты заттарға сүйкене бастайды, нәтижесінде, сол аумақтардың жүндері түсіп қалады. Терінің зақымданған бөліктері аурудың бастапқы сатысында папула мен везикулалардан тұрады және кейінгі 5-10 күн аралықтарында тақыр аумақтарға айналады. Плазма шығатын болғандықтан зақымданған тері бөліктері ылғалды келеді, сосын бара-бара қызарады, не болмаса сарғылт-қызғыш тартады. Кейбір жануарларда дәнекерлеуші ұлпаның мүйіздену және пролиферациялануы байқалады, сырттай қарағанда ол терінің қалыңдағанынан сезіледі.

Ауру жануарлар көп мазасызданады, тірілей салмағы, сауылытын сүт мөлшері, жұмыс қабілеті төмендейді. Жануарлардың қанындағы лейкоциттердің және эозинофилдердің мөлшері артады, ал жалпы ақуыздың, гемоглобиннің мөлшері төмендейді.

Диагнозы. Жануардың аурғаны клиникалық белгілері және микроскопиялык әдіс бойынша анықталады.

Емдеу. Түйелердің қотырын емдеу үшін әр түрлі дәрі-дәрмектер қолданылады. Шет елдерде жүргізілген зерттеулер тәжірибесін талдай отырып, бұл ауруды емдеудің келесі әдістері ұсынылады. Линданды пайдалану (0,5% және 0,75%) түйелердің 20-30 күн ішінде толықтай сауығып кетуін қамтамасыз етеді.

Диазинон (0,025-0,5%), хлорпирифос (0,012%, 0,025%) дәрмектерін пайдаланып, арасында бір апта демалдырып барып екі рет емдегенде толық сауығып кетеді; қарбарил (0,5%) және фенитротион (0,5%) дәрмектерімен үш қайтара (курс) емдегеннен кейін 100% сауығуға қол жеткізіледі.

Кейінгі кездері, түйелерді қотырдан емдеуде ивермектиндік терапия жоғарғы тиімділігін көрсетуде. Мысалы, алты айлық боталарға, олардың тірілей салмағының әрбір 1 кг-на 8 мг-нан, ал 1 жастан асқан жануарлардың тірілей салмағының 1 кг-на 250 м-нан, арасына 115 күн салып 2 мөлшерін тері астына еңгізгенде, жануарлардың жағдайларының жақсаруы екінші енгізгеннен кейін он күн ішінде байқалады. Ал қотырдан түйе 145 күннен кейін толық жазылады.

Анарицидтерді пайдаланып жасалынған жергілікті терапиядан, ивермектиндік терапия өзінің басымдығын дәлелдеді. Себебі бұл емді тері астына егу не болмаса құйрық арқылы тік ішекке паста түрінде енгізу оңайырақ. Сонымен қатар, ивермектин терінің барлық қабатына сіңгендіктен,  кенелерге де, сонымен бірге терінің арасында орналасқан оның жұмыртқаларына да тікелей әсер етеді.

Алдын алу және күресу шаралары. Анықталған ауру түйелер мұқият тексеріледі және оқшауланып карантинге қойылады.

Әрбір түйе өсіретін шаруашылықтарда жануарлар арасында қотырдың белгілері байқалса, оны тез арада, уақытын созбай және кең көлемде емдеу жұмыстарын жүргізу үшін, қотырға қарсы пайдаланылатын дәрі-дәрмектердің қоры болуы тиіс. Қызмет көрсететін бақташылар қотырдың эпизоотологиясымен және оған қарсы күрес шараларымен таныс болуы тиіс.

Опат болған жануарлардың өлекселері утилизацияланады, қотыр түейлердің терісі мен жүні дезинфицияланады және жеке сақталады. Қора –қопсылар нәжістерден, қидан тазартылады және зарарсыздандырылады (дизинфекцияланады). Емдеу курсынан өткізілген жануарлар тағы да бір-біржарым ай бойына назарда ұсталады.

Теміреткіні емдеу және алдын алу шаралары. Теміреткі (Стригущий лишай, Trichophytia) – Trichophytia микроскопиялық саңырауқұлағы қоздыратын. тері-жүн қабатында қалың қабықтар пайда болып, ірің сияқты сұйықтықтар шығаратын, терінің қатты қабынуы, не болмаса түктері астынан сынған және түлеп тұратын бөліктері теріде айқын көрініс берумен сипатталатын инфекциялық ауру.

Бұл аурудың қоздырушысы сыртқы ортаға едәуір төзімді. Олар, зақымданған түкті қылшықтарда 6-10 жылға дейін, ал түйе қилары мен садырларында 3-8 айға дейін сақтала алады. Топырақта 140 күн аралығында жойылады, ал қолайлы жағдай болса көбеюлері де мүмкін. Қоздырғыш қайнаған суда 2 минуттан кейін,  60-62º С құрғақ ауада – 2 сағаттан кейін тіршілігін жояды. Карбол қышқылының (2-5%), сілтілердің (1-3%), формальдегидтің (1-3%) салицил қышқылының (1-2%) ерітіндісі трихофитондарды 15-30 мин аралығында өлтіреді.

Эпизоотологиясы. Түйелердің төлдері бұл ауруға тез шалдығады және қатты ауырады. Бұл ауру, боталар енесінің бауырынан ажыратылған, күзгі-қысқы мезгілде көбірек тіркеледі. Бұған, жануар ағзасының жалпы төзімділігінің төмендеуі, ауа райы жағдайының өзгеруі, күтіп-бағу мен азықтандыруда жол берілген қателіктер себепші болуы мүмкін.

Жұқпа індетін қоздырушының негізгі көзі – дені сау жануарлармен тікелей, не болмаса жанама жақындасқан ауру түйелер болып табылады.

Клиникасы. Трихофитон қоздырғыштары құрамында мүйізді зат – керотині бар ұлпаларда көбейеді. Керотин - жүннің және тері эпидермисінің мүйізді қабатында болады. Терінің қабынған бөліктері қышыған соң жануарлар қасында бастайды да, сол арқылы (қышыну) олар қоздырғышты дененің басқа бөліктеріне де тарқатады (жұқтырады).

Диагнозды осы ауруға тән клиникалық белгілер және эпизоотологиялық мәліметтер негізінде қояды. Диагноздың дұрыстығына күмән туған кезде, сол шаруашылықтық өзінде микроскопия жасалынады.

Бұл үшін, жүн түктерін, тері қабыршықтарын, қатпарларын төсеніш әйнегіне, не болмаса Петри тостағаншасына орналастырады да үстіне 10-12% натрий қышқылы ерітіндісін құйып термостатқа қойып жылытады. Өңделген материалды глицериннің 50% сулы ерітіндісіне салады, үстін жапқыш шынымен жауып, микроскоп арқылы алдымен кіші, сосын орта дәрежедегі ұлғайту арқылы қарайды.

Емдеу оқшаланған жағдайда өтеді. Негізгі дәрі есебінде – трихофитке (түйелердің теміреткісіне) қарсы құрғақ тірілей екпе падаланылады.

Екпе падалынбаған жағдайда, ауру жануарларды 5-10% салициль жақпа майы, 10% салициль спирті, йодтың 10% тұндырмасы, сульфон, күкірт ангидриді, карбол және бензол қышқылдырының 10% ерітіндісі, йодоформ, фукузан, хлорлы йод, трихоцитин және т.б. дәрмектермен емдейді.

Жануарлардың сауыққандығын, терідегі зақымданған ошқтардың жойылуынан және түктердің қалыпты өсе бастауынан байқауға болады. Жануарларды оқшаулаудан шығарар алдында, оның терісін креолин (2%) неболмаса натрий қышқылы (1-1,5%) ертінділерімен өңдейді.

Аурудың алдын-алу және онымен күресу. Аурудың алдын-алудың жалпы шаралары – шаруашылықтардағы ветеринариялық-санитарлық талаптардың сақталуы, күтіп-бағу мен азықтандыруда қалыпты жағдайлар жасау, дер кезінде дезинфекция, дератизациялау (зиянды кемірушілерді жою) жұмыстарының жүргіліп тұруы болып табылады. Шаруашылыққа жанадан келіп түскен барлық жануарлар 30-күндік уақытша оқшаулануда (карантинде) тұруы тиіс. Аурудың алдын-алу мақсатында гризеофульвин, метионин қосылған күкірт пайдаланылады. Жануарларға бұл дәрі-дәрмектер азықтарына қосып (гризеофульвинді жануардың тірілей салмағының бір кг-на 20 мг есебімен, 8-15 күн бойына құнарландырылған жемге қосып береді) беріледі.

Әдебиеттер

1.     Баймуканов Д.А., Юлдашбаев Ю.А., Дошанов Д.А. Верблюдоводство (Бакалавриат): (ISBN 978-5-906818-14-0). Учебное пособие - Москва: Издательство КУРС, НИЦ ИНФРА-Москва, 2016. - 184 с.

2.     Баймуканов Д А., Баймуканов А., Алиханов О. Основы селекции и профилактики болезней верблюдов.. – Шымкент: Әлем, 2014. - 113 с.

Лекции подготовили:

Баймуканов Дастанбек Асылбекович
Главный научный сотрудник отдела животноводства, ветеринарии, анализа кормов и молока Товарищество с ограниченной ответственностью «Научно-производственный центр животноводства и ветеринарии», 010000 (Z10P6B8), Республика Казахстан. г. Астана, ул. Кенесары, 40, офис 1505

Аубакиров Хамит Аблгазинович
Профессор кафедры Биотехнологии Таразского регионального университета имени М.Х. Дулати, г. Тараз, Республика Казахстан

Комментарии (0)