Опубликовано 15.04.2023 17:37

Дәріс №6. Түйелерде кездесетін вирустық аурулар

1. Түйе ағзасының қалыпты жағдайлардағы морфофизиологиялық көрсеткіштері

2. Оба ауруын емдеу және алдын алу шаралары

3. Түйеде кездесетін  оспа (күл, шешек) ауруын емдеу және алдын алу шаралары

Түйе ағзасының қалыпты жағдайлардағы морфофизиологиялық көрсеткіштері. Түйе тұқымдарында да басқа мал түрлеріне ұқсас көптеген аурулар кездеседі. Түйе өсіруші шаруашылықтарда жергілікті халық оларға ауру түріне, өту сипатына, зарарлану аймақтарына және де басқа белгілеріне байланысты атаулармен атайды. Мысалы су ауруы (Трипаносомоз), ақшелек немесе қарабез (Сібір жарасы), аусыл (Ящур), оба (Чума), қотыр, қышыма (Саркоптоз), теміреткі (Трихофития), тышқақ (Колибактериоз), ақбас, қатпа, құмыр, қара өкпе, түйнеме, қоскіндік, көмей құрт, мүйізгек және т.б ауру түрлері белгілі.  Көп жағдайларда, әсіресе аурудың бастапқы кезеңдерінде, кеселге ұшыраған жануарларда сыртқы белгілері жақсы көрініс бере бермейді. Сондықтан, түйелердің қалыпты жағдайдағы биологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін, көп таралатын аураларды анықтауда аурудың бастапқы белгілерін және негізгі сипаттамаларын білу керек.

Түйе қаны. Түйелердің қаны олардың мүшелерімен ұлпаларының жағдайын байқатады, сондықтан да оны зерттеудің үлкен диагностикалық мәні бар.

Зерттеу үшін түйелердің қанын – күре тамырдан, не болмаса тебінгі көк тамырдан, сонымен бірге құлағынан да алады.            Қалыпты жағдайда 1 мм3 қанының құрамында; эритроциттер – 10,5-16 млн, лейкоциттер – 11-15 мың, ал сілтілігі – 700-800 мг% болады. Түйе қаны эритроциттерінің формасы бауырымен жорғалаушылар мен құстардікі сияқты сопақша болып келеді.

Дене температурасы. Түйелердін дене температурасы жыл мезгіліне қарай 36ºC – 38,6ºC аралығында болады, көбінесе 37,0 – 37,5ºC аралығын көрсетеді. Ұзақ және ауыр жұмыс істеген түйелердің дене температурасы 1,5-2,5ºC жоғарылағанына қарамастан, 2,5-3 сағат демалғаннан кейін ол өз калпына қайта келеді. Түйе төлдері денесіндегі температурасының төменгі шегі едәір жоғарырақ – 37,5-38,7ºC құрайды.

Түйелердің дене температурасы бірнеше факторларға байланысты болады:

      жыл мезгілі – қыстағы тәуліктік орташа температурасында, жаздағыға қарағанда 0,5-0,7ºC төмен;

      жануарлардың жынысы – аналықтардың температурасы аталықтарға қарағанда 0,2-0,4ºC-ге, ал буаздығының кейінгі айларында 1ºC дейін жоғары;

      азықтануы – азықтанғасын 3-4 сағаттан кейін жануарлардың дене температурасы 0,2-0,7ºC жоғарылайды;

      тәулік мезгілі – түйелердің температурасы таңертеңгілік – 37,7ºC, ал кешке қарай – 38,7ºC құрайды.

Тамырдың соғуы және тыныс алу. Түйелердің тамыр соғуын, құйрық түбінен 3-5 см төмен (алыстау) алып, астыңғы (ішкі) қылшықсыз бетіндегі құйрық артериясынан анықтайды. Ересек түйелердің тамыры минутына 32-38, ал бір жасқа дейінгі төлдерде (боталарда) 38-48 рет соғады. Жаз мезгілінің орта тұсында дені сау түйенің тамырының соғу жиілігі минутына 50-60 -қа дейін, үш күннен аспаған жаңа туылған ботаның тамырының соғуы минутына 100-ден 130 дейін жетеді.

Мұрынның шырышты қабықшасы қалыпты жағдайда ақшыл – қызыл түсті болады, ал тыныс алу мүшелерінде пайда болған кез-келген ауру – сораның ағуына, мұрын қуысы мен танауда қабықшалардың пайда болуына алып келеді. Түйелердің қалыпты тыныс алу жиілігі минутына: қыстың күндері 5-тен 10-ға дейін, ал жазда – 8-ден 20-ға дейін болады.

Ересек түйелерге қарағанда 6-айлық боталардың тыныс алу жиілігі– 1,5 есеге, ал жаңа туылған боталарда – 2-3 есеге артық.

Түйе шаруашылығында, инфекциялық (бактериялар тарапынан туындайтын – туберкулез, бруцеллез (сарып), сібір жарасы (ақшелек) және вирусты – аусыл (ящур), инвазиялық (трипаносомоз-канпаразиттік) тері (қотыр-қышыма, теміреткі) ауруларының алдын алу және емдеу бойынша негізгі іс-шаралардың жүргізіліп тұруы қажет. Бұл аурулар, көп жағдайдарда, түйе өсіруші шаруашылықтарға үлкен экономикалық зиян келтіреді және шығын орта есеппен әрбір басқа шаққанда 200 ден 500-дейінгі АКШ долларын құрайды.

Оба ауруын емдеу және алдын алу шаралары. Оба ( Чума, лат. Pestis — індет, ауру; çuma — безеу, жара) – түйелерде Pestis camelorum қоздырғышы тарапынан қоздырылатын және шырышты қабаттарының, әсіресе асқазан-ішек жолы қабықшаларының ісініп-қабынып зақымдануы және қызуының көтеріліп, септицемия түрінде жіті өтетін инфекциялық ауру.

Бұл аурудың қоздырғышы – құрамында парамиксовирустар тұқымдастығының Morbullivirus туыстастығына жататын вирусы бар РНҚ (Yersinia pestis) болып табылады. Вирустың өлшемі – 86-126 нм. Оған полиморфизм тән, яғни, әртүрлі формадағы және бөлшектер көлеміндегі (вирустар) кездеседі.

Бұл вирусты ауру жануарлардың барлық түзінділері мен бөлінділердінен: қанынан, лимфа түйіндерінен, паренхимотоздық ағзаларынан, ми ұлпасынан, жұлын сұйықтығынан, бұлшық еттерінен табуға болады.

Қоздырғыштар қоршаған ортаға және физико-химиялық факторлардың әсеріне төзімсіз: +60ºС дейін қыздырғанда вирус бірнеше минуттан кейін ақ, ал үй температурасы жағдайында 3-4 күнде қырылып қалады. +20ºС температурада – 3-6 айға дейін сақталады. Тұздалған етте вирус 28- күнге дейін өлмейді. Зарарсыздандыру үшін, вирустың ауру қоздыратын қабілетін бірнеше минутта жоятын хлорлы әктің (2%-кем емес), формальдегидтің (1%-тік) ерітінділері қолданылады.

Эпизоотологиялық мәліметтер. Түйелерде бұл ауру түрі сирек кездеседі. Ересек түйелерге қарағанда төлдер обаға шалдыққыш келеді. Ауруды қоздырғыштардың негізгі көзі – бұрын ауырған және қазіргі кезде ауырып жүрген түйелердің жыныс мүшелерінен, қанмен бірге шығатын сұйықтықтар, мұрын қуысынан ағатын шығарындалар, сүтпен, зәрмен, нәжіспен қосылып сыртқы ортаға түсетін вирустар болып табылады.

Кеселдің жұғуы табиғи жағдайда асқорыту жолдары, мұрын қуысының шырышты қабықтары және  клегейлі қабықшалар (конъюнктивалар) арқылы жүзеге асады. Індеттің жаңа пайда болған ошақтарында бұл ауру шаруашылықтарға үлкен зиян келтіреді, мал басының 90-100%-дейін шығынға ұшырау қауіпі туындайды. Індет жылдың кез келген мезгілінде орын алады.

Клиникасы. Індеттің инкубациялық кезеңі тәжірибе жасаған кезде – 3-7 тәулікті, ал табиғи жағдайда 3-14 тәулікті құрайды. Ауру – жіті, сирегірек өте жіті және абортталған формада өтеді. Қойларда, ешкілерде және түйелерде бұл ауру түсік тастау (абортивті), немесе ешбір нышансыз (симтомсыз) түрінде өтеді.

Аурудың алғашқы белгісі – дене қызуының +41-42ºС дейін көтерілуі. Ауру жануарлар таңертеңгі мезгілдердегі шамалы ремиссиясы (1ºС) болмаса, үнемі температурасы артып, қалтырап, дірілдейді.

Азыққа деген тәбеті төмендейді, асқазан – ішек жолдарының жұмыс істеуі нашарлайды, көп шөлдейді, сауылатын сүт мөлшері кемиді.

2-3 күннің ішінде ауыз қуысының шырышты қабықшаларының зақымдануы, онан кейін гиперемия ошағы және қатты түйіндер пайда  болады.

Жануарлар аурудың басталуының алғашқы 3-4 күндерінде қатты мазасызданады, бірақ, әлі де болса азыққа деген тәбеті сақталады, одан ары қарай жануарда күйзелістің белгілері дамиды, тәбеті жоғалады, жүні ұйпаланады, ентігу және жөтел пайда болады, жануарлар тісін қайрайды және ыңырси бастайды. Ауру малдар көздері шүңірейіп, тез арықтайды. Буаз түйелер іш (түсік) тастайды. Ауырған жануарлар 5-12 күннің ішінде өлім-жітімге ұшырайды.

Диагнозы: Оба аурының диагнозын – эпизоотологиялық мәліметтердің, клиникалық белгілердің және зертханаларда жүргізілген сараптама жұмыстарының негізінде қояды.

Емдеу. Ветеринариялық заңнамаға сәйкес, обамен ауырған түйелерді емдеуге тиым салынған. Олар өлтіріледі және өлекселері өртеледі.

Алдын-алу шаралары. Обаның кіруіне жол бермеуге екпелер жасау арқылы қол жеткізіледі; шет елдерден келетін жануарларға шекара аймағында мұқият бақылау және вакцинация жасалынады.

Оба ауру пайда болған жағдайда бүкіл елді мекенге карантин жарияланады. Жануарлардың барлық түрін, жем-шөпті, мал өнімдерін, шығаруға, зарарлану қауіпі бар жер аумағын пайдалануға, малды етке союға,  елді мекен аумағынан шығуға тиым салынады.

Сол аймақтағы барлық түйелерге түгел екпе жасалынады (1-сурет).

Түйеде кездесетін  оспа (күл, шешек) ауруын емдеу және алдын алу шаралары. Түйе шешегі (Күл, Оспа, Camel pox) — зарарланған жануарлардың денесі дірілдеп, басы ісініп, денесі мен шырышты қабаттарында домалақ түйіндер пайда болып, буаз аналықтардың түсік тастауына ал жас төлдердің өлуіне дейін алып келетін вирусты ауру. Шешек ауруына барлық жастағы түйелер  шалдығуы мүмкін болғанымен, жас төлдер бұл кеселмен жиі ауырады және ауыру  оларда қаттырақ өтеді.

Эпизоотологиялық мәліметтер. Bera et al. мәліметі бойынша 2009 жылы Bikaner провинциясы, Rajasthan ауданында (India) болған шешек ауруының ошағында жануарларды күтіп баққан шаруалар арасынан 3 адам осы ауруды жұқтырған. Күл ауруының тасымалдаушысы ретінде ауру түйелер мен осы аурумен бұрын ауырған жануарлар болады. Мұндай жануарлар қоздырғыштарды айналасына өздерінен ажырап түсетін құрамында вирустар бар тері қабаттары мен шырышты бөлінділері арқылы таратады. Қоршаған ортаға вирустар буаз аналақтардың түсік тастауы барысында шаранасы арқылы да түседі. Күл ауруы қоздырғыштарын  осы ауруға төзімді үй жануарлары мен жабайы аңдар да тасымалдауы мүмкін.

Табиғи ортада сау түйелер ауру жануарлармен жанасуы барысында тері, шырыш бөлінділері және зараланған ауа арқылы дем алуда, вирусы бар су, жем-шөп, қора-жай мен онда тұрған зарарлы заттарды пайдалану барысында жұқтырады. Осындай кездерде, тері және шырышты қабаттары зақымданған жануарлар мен авитаминозға ұшыраған түйелер жиі ауру жұқтырады.

Күл ауруы таралған кезде әсіресе жас түйелер қатты ауырады. Осы кесел тұрақты түрде байқалатын шаруашылықтарда, 3-6 жыл аралықтарында қайталап көрініс беретін энзоотия мен споралық  түрлерінде, аталған ауру 2-4 жас арасындағы жас малдарда көп кездеседі. Мұндай жағдайларда, әсіресе жылдың жылы кездерінде ауырған малдарда, ауру белгілері салыстырмалы түрде жеңіл өтеді. Күннің суыған кездерінде ауруға шалдыққан түйелерде, әсіресе жас жануаларда, клиникалық белгілері қатты және ұзақ өтеді және ары қарай күрделі жағдайға ұласып кету мүмкіндігі зор келеді.

Клиникасы. Зараланған жануарлардағы аурудың инкубациялық кезеңі жануарлардың жасына, вирустың вируленттілігіне және ағзаға қалай енгеніне байланысты 3-тен 15 күнге дейінгі аралықты қамтиды: жас малдарда 4-7 күн, ересек түйелерде 6-15 күнді құрайды. Енесі дер кезінде осы ауруға қарсы егілмеген боталар, туылғанына 2-5 күндік кезеңдерінде ауырып қалуы мүмкін.

Күл ауруының көрініс беруі жасына байланысты әр түрлі болады: жас төлдерде, әсіресе жаңа туылған боталарда жіті өтеді (9 күнге дейін), ересек түйелерде баяулау және созылмалы түрге ұласады, кейде, әсіресе буаз аналықтардың өліміне алып келеді. Түйелердегі күл ауруының ең көп таралған түрі — терінің зақымдануы арқылы және баяулау формада өтуі (1- сурет).

Аурудың созылмалы түрінде жануарлардың аузы мен мұрнынан басында тұнық, кейіннен лайланған түрдегі сүрғылт түсті сұйықтық ағады. Ауру малдар бастарын шайқайды, түшкіру арқылы қоршаған ортаға түкіріктері және зарарланған эпителии қабықшаларымен қоса ауру қоздырғыш вирустарды шығарады. Ауру түйелерде бастапқыда еріндері, мұрын тесігі аймағы  мен көзі маңында ісік белгісі пайда болып, ол ары қарай жақ сүйектері мен мойнына, кейбір кездері кеудесіне дейін таралуы мүмкін. Осы мезгілдерде ерінде, мұрын және көз маңы терілерінде қызғылт-сұр түсті дақтар көрініс беріп, олардың астынан тығыз түйнектер пайда болады да, олар үлкейе келе сұр түсті папулаға, онан кейін бұршақ немесе атбас бұршақтар көлеміндегі пустулаға айналады.

Оспаның белгілері бастапқыда түйенің бас жағында жиі көрініс береді. Бір жас пен төрт жас аралықтарындағы түйелерде көбінесе жеңіл түрде өтіп, жазылып кетеді. Зақымданған жерлері бас терісінде, еріні мен мұрын аумағында тұрақталып қалады. Аналықтарда желін аумағы да зарарлануы мүмкін. Бас жағындағы бастапқы күл түйнегінің (пустула) жарылуынан бірнеше күннен кейін, күл ошақтары түйенің жүні тықыр терілі басқа аймақтарында да (кеуде тұсы, қолтығы, енегі) көрініс берсе, аналық түйелерде қынаптың шырышты қабатында да пайда болады. Осы кездері түйелерде әдетте дене температуралары 41,5°С дейін қайтадан көтеріледі, ал жүктіліктің соңғы кезеңдеріндегі аналықтарында әлі толықтай жетіле қоймаған әлсіз боталар туылуы себепті, олар көбінесе өліп қалады.

Кейбір түйелерде көз айнасына шел түсуі себепті бір көзі 5-10 күнге дейін уақытша көрмей қалса, боталарының екі көзіне бірдей түседі. Жаңа туылған боталар ауырғаннан кейін іштері өте бастайды. Сол себепті олар 3-9 күн аралықтарында өлім-жітімге ұшырайды.

Диагнозы: Күл аурына диагнозды – эпизоотологиялық мәліметтердің, ауруға тән клиникалық белгілердің көрініс беруі, патологиялық өзгерістер, микроскопиялық зерттеулердегі көрсетілген оң нәтижелері (алынған жұқпа сынамаларының Морозовтың күмістенуі реакциясы), эктронды микроскопиялық арқылы және зертханада РДП, ИФА және ПЦР сараптамасы негізінде қояды.

Түйенің күл ауруын некробациллез ауруымен шатастырып алмау үшін, осы аурумен аурып тұрған не болмаса өліп қалған жануарлардан алынған сынамаларға микроскопиялық зерттеулер жүргізу, не болмаса некробациллезге сезімтал ақ тышқандарға сынақ жұмыстарын жүргізу арқылы нақтылап анықтап алу қажет. Аусыл емес екендігіне көз жеткізу үшін, теңіз тышқандарының аяғының плантарлы бетін зарарлап тексереді (егер аусыл болса, теңіз тышқандары өздеріне тән белгі — афт көрініс беруімен сипатталады). Микроскопиялық саңырауқұлақтар тарапынан туындайтын және қышыма ауруын — зарарланған жерден алынған жұғынды сынамасына микроскопиялық зерттеулер жүргізу арқылы жоққа шығарылады. Ерте боталап қоюы немесе түсік тастауы жағдайларында (бруцеллез ауруын жоққа шығару), ауру түйенің қан сарысуын бруцеллезге тексереді (РА, РСК және бактериологиялық).

Алдын-алу шаралары. Күл ауруына қарсы күресуде тек екпелер жасау арқылы нәтижелерге қол жеткізіледі. Әлемде күл ауруына қарсы тірі және инактивирленген вакциналар жасап шығарылған. Халықаралық эпизоотиялық ұйым мәліметі бойынша, осындай аттенуирленген және инактивирленген вакциналар сатылымға шығарылған. Тірі аттенуирленген вакцинамен егілген түйелерде 12 айдан астам, ал инактивирленген вакцина 12 айға дейін қорғаныс қабілеті сақталып тұрады.

Әдебиеттер

1. Баймуканов Д А., Баймуканов А., Алиханов О. Основы селекции и профилактики болезней верблюдов.. – Шымкент: Әлем, 2014. - 113 с.

2. Белкин Б.Л., Прудникова В.С. Патологоанатомическая диагностика болезней животных с основами вскрытия и судебно-ветеринарной экспертизы. Орловскии Государственный униаерситет. Учебное пособие. Г. Орел., 2012 г., -388 с.

3. Баймуканов Д.А., Юлдашбаев Ю.А., Дошанов Д.А. Верблюдоводство (Бакалавриат): (ISBN 978-5-906818-14-0). Учебное пособие - Москва: Издательство КУРС, НИЦ ИНФРА-Москва, 2016. - 184 с.

Лекции подготовили:

Баймуканов Дастанбек Асылбекович
Главный научный сотрудник отдела животноводства, ветеринарии, анализа кормов и молока Товарищество с ограниченной ответственностью «Научно-производственный центр животноводства и ветеринарии», 010000 (Z10P6B8), Республика Казахстан. г. Астана, ул. Кенесары, 40, офис 1505

Аубакиров Хамит Аблгазинович
Профессор кафедры Биотехнологии Таразского регионального университета имени М.Х. Дулати, г. Тараз, Республика Казахстан

Комментарии (0)